Регистрация Войти
Вход на сайт
Реклама
Реклама
  Реклама   Реклама  Реклама 
Последние новости
19-04-2021, 16:38
120
0
19-04-2021, 16:36
159
0
» Еңбек адамы – өндіріс тірегі

Еңбек адамы – өндіріс тірегі

25.01.21
Автор: magnetit
Просмотров: 614
Комментариев: 0

Еңбек ету қашанда береке мен ырыздықтың бастауы саналады. Дана халқымыз айтқандай еңбек еткеннің өнбегі артып, мансабы мен беделі өседі. Бүгінгі кейіпкеріміз Сәндібек Шарабаевты осындай еңбекқор адам десек еш қателеспейміз. Жастайынан әкесімен бірге техникаға құмарлық танытқан ол, бүгінде кәсіпорын бөлімшелерінің бірінде осы саланың шебері атанып, әріптестеріне үлгі болып жүрген азаматтардың қатарында.


 Қостанай облысының Қарабалық ауданына қарасты Бөрілі аулының тумасы Сәндібек Сержанұлы жастық шағын Қашар кентінде өткізген. Осы жердегі №1 орта мектепте білім алған кейіпкеріміз, жылдар бойы комбайыншы, тракторшы болып еңбектенген әкесінің кеңесімен техника саласын таңдап, Қостанай құрылыс колледжінде техник-механик мамандығын игеріп алған. 2001 жылы Сәндібек Шарабаев білімін жалғастыру мақсатымен «ССКӨБ» АҚ-мен ұйымдастырылған оқыту курстарына қатысып, еңбек жолын Қашар кентінде орналасқан тау-кен темір жол көліктер басқармасында жол қызметкері болып бастаған.
– Бірлестіктің осы басқармасында еңбек етіп жүрген кезімде 2003 жылы әскерге шақыртылып, Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Әскерден келгеннен кейін «ССКӨБ» АҚ-ғы жұмысымды жалғастыруды ұйғарып, бұрғылау қондырғыларының машинисі деген мамандықты да игеріп алдым. Міне, осы уақыттан бері 2015 жылға дейін Қашар кенішінде бұрғылау машинисі болып еңбек етіп, учаске жанындағы жабдықтарды жөндейтін қызметке бригадир болып тағайындалдым, – дейді Сәндібек Шарабаев.
Қызметін жөндеушілер бригадирі болып жалғастырған кейіпкеріміз 2019 жылы басқарма басшылығының бұйрығымен шебер лауазымына тағайындалыпты. Арада бір жыл өткеннен кейін Сәндібек Сержанұлы тұрғылықты мекенжайы Рудный қаласында болғандықтан басшылыққа өтініш білдіріп, осы жердегі технологиялық жабдықтарды жөндеу басқармасына қарасты авто жөндеу цехына ауысқан.
– Бүгінгі лауазымым бойынша цехтағы техникалық қызмет көрсету және ағымдағы жөндеу учаскесінің шаруашылық бөліміне жауаптымын. Жуырда цехтағы шеберлермен бірігіп 5С бөлмесін аштық. Сонымен қатар учаскелердегі кішігірім жөндеу, дәнекерлеу жұмыстарына да ат салысып, жұмысшыларға бас-көз болып жүремін. 2015 жылы бірлестіктің 50/50 бағдарламасын пайдаланып, Рудный индустриялық институтына түстім. 2018 жылы бұл оқу ордасынан автокөлік техникасы және технологиялар мамандығын игеріп, диплом алдым, – дейді авто жөндеу цехының шебері.
Сәндібек Шарабаев күнделікті жұмысынан бөлек бірлестікте ұйымдастырылып келетін «Идеялар фабрикасына» өндірісті жақсартатын тың идеяларын жиі ұсынатынын айтады. Бұнымен қоса кен алыбының спорттық шараларына да белсенді қатысып, ұзақ қашықтықтарға жүгіруді ұнатады екен. Спортқа жаны құмар шебер кәсіпорын жұмысшылары арасында өткен түрлі спартакиадалардың жүлдегері атанған.
– Спартакиадаларда 3 шақырымға жүгіріп, бас жүлделерді жеңіп алып жүрдім. Бұдан бөлек 2018 жылы Рудный қаласында ұйымдастырылған ERG спартакиадасына қатысып, 22 шақырымдық жартылай марафонда жүгірдім. Қазіргі уақытта қолымыз босай қалса әріптестерімізбен бірге денсаулықты нығайту мақсатында футбол ойнауды ұнатамыз, – дейді Сәндібек Сержанұлы.
Цех шеберінің отбасы мүшелері де өз өмірлерін бірлестікпен байланыстырған жандар екен. Сәндібек Шарабаевтың әкесі кезінде Қашар кентіндегі жылжымалы құрамды жөндеу басқармасында біраз жыл еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан. Үлкен ағасы мен апасы да осы жердегі өндірістерде дәнекерлеуші және краншы болып қызмет атқарып жүр.
Кейіпкеріміз бүгінгі күні сүйікті жарымен бірге бір қызын тәрбиелеп отыр. Осы жандардың болашағы үшін еңбек етіп, мансап баспалдағы бойынша әрі қарай көтерілуді мақсат етіп отыр.


Ерғали Убайдуллаев
Сурет жеке мұрағаттан алынған

Категория: ---
Теги:


Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Комментарии (0)
Оставить комментарий
Введите код
с картинки:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив