Регистрация Войти
Вход на сайт
Реклама
Реклама
  Реклама   Реклама  Реклама 
» «Жырлайды жүрек» көрмесі

«Жырлайды жүрек» көрмесі

14.02.20
Автор: magnetit
Просмотров: 60
Комментариев: 0

«Жырлайды жүрек» көрмесі


Жергілікті сазгер Қайрат Нұрғазин 1965 жылғы 16 сәуірде Қостанай облысы, Наурызым ауданына қарасты «Сулы» ауылында туған. Тыңдарман көңілін құлаққа жағымды, жылы естілетін нәзік, биязы дауысымен жаулап алған дарын иесі, ақын Жолбарыс Баязидтің сөзіне жазылған «Арман жырым – аруларым» әнімен танылды. Туысқандарының айтуынша, Қайраттың музыкаға деген құштарлығы 5 жасында байқалған. Домбырада ойнауды атасы Досмағамбеттен үйренген екен. Сол кезден-ақ өнерге жақын болған дарын иесі шеберлігін мектеп оркестрінде шыңдап қана қоймай, театрландырылған қойылымдарға, түрлі байқауларға қатысып, биік белестерге жетті. Өнер жолын таңдаған Қайрат Сейітмағанбетұлы Науырзым орта мектебін бітірген соң, арман қуып, Рудный қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы қалалық педагогикалық училищесінің музыкалық бөліміне оқуға түседі. Ал, сексенінші жылдары әндер шығара бастайды. Композитор «Арман жырым – арулар» атты әнімен 1993 жылы республикалық «Үкілі үміт» байқауына қатысып, «Көрермендер көзайымы» жүлдесінің, 1995 жылы Гран-при иегері атанды. Сол байқауда көзге түскен Қайрат Жүнісов, Жанат Темірова, Лена Әбдіхалықова, Марат Омаров пен Гүлмира Ақүрпековалармен тығыз шығармашылық байланыста болды. 1996 жылы Тараз қаласында өткізілген Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық конкурстың дипломанты атанды. Ал, 1997 жылы «Сәлем,Москва!» атты аталмыш қаланың 850 жылдығына арнайы бағдарламамен қатынасып қайтты. 2000 жылы Қостанай облысы әкімінің арнайы сыйлығына ие болды.
Жұртшылыққа таныстырылған көрмені ұйымдастырған композитордың жақын досы, қаламыздың құрметті азаматы Арман Хасен: «Бұл біздің Қайраттың өнеріне деген, әндеріне деген құрметіміз және қала халқы Қайратты білсін, оның әндерін, өмірбаянын, осы қалаға деген патриоттық сезімін жастарымыз естіп, көрсін, үлкендеріміз риза болсын деген ниетпен ұйымдастырып отырмыз. Ең бастысы - Қайраттың соңында қалдырып кеткен сексеннен астам әні бар, соны кейінгі ұрпаққа жеткізу, насихаттау».
Көрмеде тұла бойы өнерге толы Қайрат Нұрғазинның баяны мен домбырасы, киген киімдері мен алған мадақтамалары, жазған әндерінің ноталары мен қолжазбалары, естелік суреттері, концерттерінің дискілері және тағы да басқа құнды құжаттары қойылған. Тоқсаныншы жылдары Қайрат Нұрғазин «Жадыра» және «Аққу» шығармашылық ұжымына, Рудный индустриялық институтының халық аспаптар ансамбліне жетекшілік етті. Елге танымал шайыр Исрайыл Сапарбай, Мәди Артығалиев, Айбатыр Сейтақ, өзіміздің жергілікті Жолбарыс Баязид, Нағашыбай Мұқат, Ақылбек Шаяхмет, Сұраған Балуанов, Абай Қажиев, Аяпберген Тәңірберген, Күнжан Өмірбекқызы, Владимир Труфакин, Арман Сәбитбекұлы сынды ақындардың сөздеріне жазылған әндерін Сүлеймен Ибрагимов, Құрмаш Мақан, Сәкен Қалымов, Сәкен Майғазиев, Манарбек Байтасов сияқты атақты әншілер мен жергілікті өнерпаздар орындап жүр. Композитор 2017 жылдың ызғарлы желтоқсанында дүние салды. Соңында қаншама ізбасары, шәкірті қалды, оның ішінде үміт күттіретін жиендері де осы кеште ән салып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Кеш барысында жерлесі Жаңбыршы Тілеуғабылов жүрек жарды өлеңін оқыса, Қабдолла қажы Ахметжан, елағасы Амантай Жантеміров, апа - жездесі Қамаш пен Батырбек Жұмағұловтар өз лебіздерін білдірді. Аталмыш көрмені мамыр айына дейін тамашалауға болады.


Жарасқан Нұрыбай
Суретті түсірген Марат Калжанов

Категория: ---
Теги:


Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Комментарии (0)
Оставить комментарий
Введите код
с картинки:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив