Регистрация Войти
Вход на сайт
Реклама
Реклама
  Реклама   Реклама  Реклама 
» Қала жолдарының мәселесі қаралды

Қала жолдарының мәселесі қаралды

11.05.21
Автор: magnetit
Просмотров: 1 161
Комментариев: 0

Рудный қаласының әкімдігінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша брифинг өтті. Спикерлер қаланы абаттандырудың негізгі жоспарларын, оның ішінде жолдар мен тротуарларды жөндеу бойынша атқарылатын жұмыстарды жариялады. Биылғы жылы бұл қажеттіліктерге бөлінген қаражат 2020 жылы бөлінген сомадан 10 есе аз болып шықты. Шенеуліктер ақшаны қалай жұмсап, жолдың сапасына байланысты бірқатар мәселелерді қалай шешетіні жиында белгілі болды.


Инженерлік желілерді жөндеуге үлкен көлемде қаржы бөлінеді, осыған байланысты Рудныйдағы жолдарды жөндеуге республикалық немесе облыстық бюджеттен ақша бөлінеді ме деген мәселе ашық күйінде қалуда. Әзірге бұл қажеттіліктерге жергілікті деңгейде тек 116 миллион теңге бөлінуде. Былтырғы 1 миллиард 141 миллион теңгенің жанында бұл мардымсыз сома. Дегенмен, өткен жылы қаладағы жолдарды жөндеуге бұрын-соңды болмаған қомақты қаржы ажыратылса да, биыл автокөліктерді жыландай жорғалауға мәжбүр еткен проблемалар азаймай тұр.
– Соңғы бес жылда бюджеттің барлық көздерінен, атап айтатын болсақ республикалық, облыстық және қалалық бюджеттен жолдарды орташа жөндеуге 3,1 млрд теңге ажыратылған. 2017 жылы - 907 миллион, 2018 жылы – 859 миллион, 2019 жылы – 679 миллион, 2020 жылы - 1 миллиард 141 миллион, 2021 жылы – 116 миллион теңге бөлініп отыр. Айтып өткен сомаға ағымдағы және орташа жөнеудің, жолды қайта құрудың, сондай-ақ техникалық қадағалау мен зертханалық зерттеулердің шығындары кіреді, – дейді қала әкімінің орынбасары Әнуар Есқатов.
Егер 2021 жылдың соңында анықталған барлық кемшіліктерді қорытындылайтын болсақ, онда мердігерлер келтірген жалпы шығын 400 миллион теңгеден асады. Олар бұл соманы сапасыз жолды қажетті стандарттарға сәйкестендіру арқылы қайтаруы керек. Кері жағдайда іс сотқа жіберіледі.
Мердігерлердің бұл талаптарға қандай жауап беретіндігі әлі белгісіз. Демек, жолдардың бүгінгі аянышты халінің қашан жақсаратынын ешкім нақты айта алмайды. Көктем келіп, қар ерігеннен бері редакциямызға «40 лет Октября» және «Топорков» көшелерінің қиылысында жолдың жағдайына ашынған да, ашуланған көлік иелерінен көптеген шағымдар түсті. Бұл қиылыс та мердігерлер қайта жөндеуі керек болған жолдар тізіміне енген. Бірақ әкімдік осы жерде жаңбыр суын жылғалатуға арналған жаңа кәріз жүйесін орнатуға қаражат бөлуге дайын. Ал, Рудный-Қостанай бағытындағы жолдың кеңеюіне байланысты арнайы айналма жол қарастырылған. Дегенмен, бұл айналма жол қала маңындағы маршруттардың қозғалысына қолай келмей тұр.
Әнуар Есқатов: – Бізде Топорков-Ленин көшелері қиылысынан бастап «Жас қанат» ЖШС-ға дейнгі 5 шақырым республикалық автомобиль жолы қайта жаңғыртылуда. Арнайы айналма жол төселді, қазіргі уақытта қаладан шығатын орталық жол жабық тұр. Қолайсыздықтарды ескере отырып, айналма жол басталар жерге бағдаршам орнаттық. Бірнеше шағымдар бар, біз оларды қарастырып жатырмыз, өз уақытымен жауап беріледі. 17-ші бақша қоғамына баратын маршрутқа келетін болсақ, «Рудныйавтотранс» серіктестігімен бірге қосымша жолды қарап шықтық. Айналма жол бақша қоғамына баратын автобустардың жүруіне сәйкес келмейді деген қорытынды жасадық, – дейді әкім орынбасары.
17-ші бақша қоғамына қатынайтын маршрутқа қатысты сұрақ қайта көтерілмейтіні белгілі болды. Саяжайға қатынаушыларға сабыр етуге тура келеді. Кейбір жаяу жүргіншілерге де сабыр тілейміз. Себебі, «Сандригайло» мен «Мира» көшелерінің бойында бұрын уәде етілген тротуарлардың биыл да пайда болуы екіталай.

Жарасқан БЕКНАЗАРҰЛЫ

Категория: ---
Теги:


Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Комментарии (0)
Оставить комментарий
Введите код
с картинки:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив