Регистрация Войти
Вход на сайт
Реклама
Реклама
  Реклама   Реклама  Реклама 
» Атаулы көмекте не өзгерді?

Атаулы көмекте не өзгерді?

27.01.22
Автор: magnetit
Просмотров: 1 220
Комментариев: 0


 








   Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарын атаулы көмекпен (АК) қамтамасыз етеді. Биылдан бастап оның мөлшері мен төлеу шарттары өзгерді. Мемлекеттік қолдаудың жаңа түрлері пайда болған жоқ, бірақ ағымдағы жылы 3063 теңгені құрайтын айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуіне байланысты қолданыстағы көмектердің мөлшері біршама жоғарылады.


   Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына материалдық көмек көрсету – шешімін тауып жатқан басты міндет. Бүгінгі күні кеншілерге тағайындалған жәрдемақылар мен төлемдер екі түрге бөлінеді: ай сайынғы және мерзімді. Соғыс және еңбек ардагерлері, сондай-ақ ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалар төлемнің бірінші түріне енеді.
   

   – Рудный қаласында соғыс ардагерлерінің зейнетақысына 10 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек ай сайын төленеді. Сондай-ақ, еңбек ардагерлеріне 3 АЕК, 9189 теңге төленеді. Осы жерде ашып айтатын бір жағдай бар, көп тұрғындар «мен еңбек ардагерімін, мен неге зейнетақыға қосымша ақша алмаймын?» деп жатады. Негізінен біз көмек көрсететін еңбек ардагерлері мыналар: Социалистік Еңбек Ерлері, үш бірдей дәрежелі «Даңқ», үш бірдей дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерінің иегерлері, «Қазақстанның еңбек ері» атағымен марапатталғандар, жанқиярлық еңбегі үшін бұрынғы Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдар. Сонымен қатар, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, яғни 1941 жыл 22 маусым мен 1945 жыл 9-мамыр аралығында тылда кемінде алты ай жұмыс істеген адамдарға қосымша ақша төленеді. Бұл санаттар заң бойынша еңбек ардагерлері болып саналады. Сондай-ақ біз ВИЧ індетін жұқтырған балаларға екі күнкөріс деңгейінде қаржы төлейміз – бұл айына 74 570 теңгені құрайды, – дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Елена Скаредина.
 

    Барлық басқа төлемдер кезеңді болып табылады және көбінесе отбасындағы жан басына шаққандағы орташа табысымен шектеледі. Бұл ретте бір адамға шаққандағы ақшалай табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс, ол 2022 жылдың бірінші тоқсанында 37 285 теңгені құрап отыр.
   

 – Диспансерлік есепте тұрған туберкулездің белсенді түрімен ауыратындарға 15 АЕК-тен аспайтын төлем белгіленген, ол 45 945 теңгені құрайды. Егер отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспаса, онда бұл отбасы 7 АЕК – 21441 теңгеден аспайтын шаруашылық қажеттіліктері үшін біржолғы әлеуметтік көмек ала алады. Сондай-ақ жұмыссыз азаматтарды жерлеуге 15 АЕК көлемінде көмек көрсетіледі. Яғни, бізге тіркелген жұмыссыз адамдар өмірден өтсе, оның жақындары бізден көмек сұрай алады. Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен, табысы аз адамдар АК алуға құқылы, – дейді бөлім басшысы.
   

   Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар да көмекке жүгіне алады. Олардың көпшілігіне біржолғы төлемдер қарастырылған. Олардың табысы есептелмейді, мұндай төлемдер мүгедектерге хирургиялық емдеуге тағайындалады. Алайда олардың мөлшері 50 АЕК, 153 150 теңгеден аспауы керек. Сол санаттағы азаматтар санаторийге немесе оңалту орталығына бару кезіндегі жол шығындарын өтеу үшін де мемлекеттен көмек алуы мүмкін. Бұл ретте төлем 3 АЕК-тен аспауы керек.      Сонымен қатар, өрттен зардап шеккен азаматтарға біржолғы көмек көрсетіледі. Бұл жағдайда ең жоғары сома 153 150 теңгені құрайды.
   

    – Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша ұсынымдары бар барлық топтағы мүгедектерге алғаш рет кәсіптік білім алар шағында жарты жылда бір рет әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған. Көмек мөлшері 400 АЕК-тен, яғни 1 миллион 225 мың теңгеден аспауы керек. Бізде де осындай балалар бар, олар кәсіптік білім алып жатыр және олар үшін біз ақша төлейміз. Жыл сайын Жеңіс күнінде біз соғысқа қатысқан батырларға көмек көрсетілетінін айтып өткім келеді, қалада олардың қатары азайып барады, бар-жоғы 9 адам қалды, осындай соғысқа қатысқан азаматтарға 1 миллион теңгеден, қалған санаттағы азаматтарға 5 АЕК, 15 315 теңгеден төленеді. Қалған санаттағы азаматтар дегеніміз: Чернобыль құрбандары мен Ауған соғысы ардагерлері, соғыс зардабынан жесір қалғандар, еңбек майданының қатысушылары секілді азаматтар. Біздің бөлім тарапынан төленетін АК-нің келесі түрі – мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға кеткен шығынды өтеу. Бізде мұндай бағдарлама бар, егер арнайы мамандар баланы мектепте емес, үйде оқыту керек деген шешім шығарса, біз балаға белгіленген мерзім ішінде ай сайын 6 АЕК көлемінде көмек көрсетеміз, дейді Елена Скаредина.
   

   Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап жергілікті атқарушы және өкілетті биліктің шешімімен тұрғын үй көлемін тағайындауға өзгерістер енгізілген. Яғни, егер бұрын тұрғын үйге жұмсалатын шекті шығындар үлесі 10 пайызды құраса, қазір ол 5 пайызды құрап отыр.
   

    Берілетін көмектің белгілі бір санаттарына сәйкестігіңіз болса, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласыңыз. Мамандар қажетті есептеулерді жүргізіп, тіркеуге алуға көмектеседі.


Жарасқан БЕКНАЗАРҰЛЫ

Категория: ---
Теги:


Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Комментарии (0)
Оставить комментарий
Введите код
с картинки:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив