Регистрация Войти
Вход на сайт
Реклама
Реклама
  Реклама   Реклама  Реклама 
Последние новости
5-12-2022, 15:22
243
1
» Өндірістің өз адамы

Өндірістің өз адамы

03.10.22
Автор: magnetit
Просмотров: 983
Комментариев: 0

 



   Адал еңбек әрқашан адамды алысқа жетелейді. Әсіресе, өндіріс саласында адамның еңбекқорлығы айқын көрінеді. Өндіріс өркендеген өңірімізде қаншама еңбек адамы осы саланы жылдар бойы дамытып келеді. Солардың арасындағы бүгінгі буын – ертеңгі болашақ. ССКӨБ-тің шекемтас өндіру учаскесінде еңбек ететін Наурызғали Шамшадинов кәсіпорынның даму жолында талмай қызмет етіп келе жатқан азаматтардың бірі. Ерен еңбегі үшін жуырда арнайы төсбелгімен марапатталды.


   Шамшадинов Наурызғали Алдашұлы «ССКӨБ» АҚ өндіріс кешенінің шекемтас дайындау цехындағы шикі шекемтас учаскесінде ұнтақтау корпусының диірмен машинисі болып жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті – кенді ұнтақтап беру.


   – Кеніштен өндірілген кен алдымен майдаланып, одан соң осы учаскедегі ұнтақтау корпусына жеткізіледі. Алдымен қоймаға түсіріліп, одан соң бункерлердің көмегімен кран арқылы диірменге саламыз. Сол жерде ұнтақталып, шекемтас жасауға аттандырылады. Диірмен цехқа жеткізілген кенді майда електен өткізгенде 95 пайызы өтіп кететіндей дәрежеде ұнтақтап беруі керек. Әрі қарай саз, концентрат, тағы басқалар құрамына қосылып, шекемтасқа айналып, күйдіру учаскесіне жіберіледі, – деп жас маман өз жұмысымен таныстырды.


   Машинист диірменнің дұрыс жұмыс істеуін қадағалайды. Оның суы, майы, тазалығы, жұмыс барысы, өнімнің дұрыс ұнталуы секілді жұмыстарға осы мамандық иесі жауапты.


   Учаскеде 8 диірмен бар. Ауысым барысында бірде екеу, бірде 4-5 диірмен жұмыс істейді екен. Бұл жоғарыдан келген жоспарға байланысты. Басты қойылатын талап «5 алтын қағиданы» мүлтіксіз қолдану. Бұл қағидалар жұмыс барысының бірізділігін, қауіпсіздіктің сақталуын, өндіріс қарқынын арттыру шараларын қамтиды.


   – Жалпы өндіріс саласымен танысқаныма біраз жыл болды. Өзім туған алтынды өлке, Өзбекстан Республикасының Тауелібай өңіріндегі аты аңызға айналған Үшқұдық қаласындағы гидрометаллургиялық зауытта жұмыс істегенмін. Ол жердегі алтын өндірісі барысындағы қызметім қазіргі міндетіме ұқсас келеді. Осы бағытқа бейім болған соң, өндіріс саласына бүйрегіміз бұрып тұрған соң, несібемізді тереміз деп кенді өлкеге, ата жұртымызға қоныс аударған жайымыз бар. Мұнда келген соң, алдымен сынақ мерзімінен өтіп, диірмен машинисінің жұмысын егжей-тегжейлі үйрендім. Содан бері 5 жылдың жүзі болыпты, – дейді Наурызғали Алдашұлы.


   Өзге елдегі тәжірибесін қоса алғанда, 13 жыл еңбек өтілі бар жас маман үздік қызметкерлер қатарында. Өз ісінің шебері болған соң, соңғы уақыттарда ауысым шебері міндетін де атқарып келеді. Учаскедегі диірмен және конвейер машинистерінен тартып, дәнекерлеушілер, жөндеушілер, краншылар, мөлшерлеушілер, тағы да басқа мамандық иелерінің басын қосып, бір мақсат – шекемтас өндіру ісін жандандырып жүр. Жуырда осы еңбекқорлығы көзге түсіп, жоғары марапатқа да ие болды. Биылғы Рудный қаласының 65 жылдығы мерейтойында және металлургтер күнінде Еуразиялық Топтың Басқарма төрағасы Серік Шахажанов Наурызғали Шамшадиновты «Өндіріске сіңірген еңбегі үшін» атты төсбелгімен марапаттады.


   – Бұл марапат мені шабыттандырды деп айта аламын. Бойымда алға қарай ұмтылуға деген күш пайда болды. Әрине, сенім білдіргені үлкен жауапкершілікті де арқалатады. Енді осы бағытымнан таймай, жоғары оқу орнын оқып, тәжірибемді асырып, өндіріс саласын арттыруға өз септігімді тигізсем деймін. Жалпақ тілмен айтатын болсам, ССКӨБ тек рудныйлықтарды бағып отырған жоқ, бұл кәсіпорын еліміздің экономикасына сүбелі үлес қосуда. Әлемге танымал акционерлік қоғам болғандықтан, мен де соның бір мүшесі ретінде өз мамандығым бағытында қолымнан келгенін жасауға міндеттімін деп санаймын, – дейді жас маман.


   Кейіпкеріміз екі ұл, бір қыздың әкесі. Үлкен шаңыраққа ие болып отырған әулеттің кенжесі. Оның болашаққа деген сенімі де, жоспары да көп. Оны осы бір кәсіпорында амалға асыруға ниетті. Себебі, ССКӨБ – мүмкіндіктер орталығы!


Жарасқан БЕКНАЗАРҰЛЫ

Категория: ---
Теги:


Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Комментарии (0)
Оставить комментарий
Введите код
с картинки:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив