
Рудныйлық Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары жергілікті тұрғындар арасында көктемгі су басу мәселесіне қатысты ауқымды ақпараттандыру жұмысын бастап, үйлер мен қора-қопсыны аман алып қалу шараларын егжей-тегжей түсіндірді. Сала мамандары әсіресе жер үйлердің тұрғындарын ескертіп, Рудный қаласынан бөлек, Горняцкий тұрғындарын да алдын алу шараларымен қамтыды.
Күн санап қыстың беті қайтып, жылы күндер айлап жатқан қардан жерді тазартуға да кірісіп кетті. Бүгінде Қостанай облысында ауа температурасының күрт көтерілуі тіркеліп, қар аралас жауған жауын-шашындар төтеншеліктерді алаңдатып отыр. Себебі еріген қар мен жаңбыр суы өзен-көлдердің тасуы мен үйлердің су басуына әкеп соқтыруы мүмкін. Бүгінгі жағдайдың қалыпты өтуін қамтамасыз ету, су басуды болдырмау үшін, жергілікті Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары Горняцкий ауылында арнайы рейдтік шара ұйымдастырып, жер үйлерді аралап, қауіптіліктің алдын алу жұмысын жүргізді.
– Ақпанның 20-нан бастап Қостанай облысының аумағында су басу қауіптілігі жоғары кезеңде қабылданатын шаралар бойынша рейдтік іс-шаралар басталды. Аталған жұмыстар үйлердің, әсіресе өзен-көлдерге жақын және сайларда орналасқан жер үйлердің су басуын болдырмауға бағытталып отыр. Бүгін тұрғындарды ақпараттандыру мақсатымен Горняцкий ауылына келдік, – дейді Рудный қаласының ТЖБ инженері Ринат Елеуов.
Халыққа дұрыс ақпарат жеткізу үшін төтеншеліктер арнайы буклеттерін де дайындап әкелген. Қажетті ақпарат жазылған парақшалар Қостанай облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментімен жасалып, көрнекі суреттермен толықтырылған. Ақпараттық парақшаларда жазылған ережелер су тасу кезеңінен аман өту үшін алдымен аулаларды қардан уақтылы тазартып тұруға кеңес береді. Осы кеңеске құлақ асқан ауыл тұрғындарының бірі Сергей Афанасьев бұл күндері өз ауласын қардан тазартуға белсенді кірісіп кеткен. Ер азаматтың үйі сай жерде орналасқандықтан, айналасындағы еріген қар суы көктемде үй маңына жиналады.
– Өткен жылы қар азырақ жауған еді. Ал 2021 жылы қардың қалың болуы үйімді су басуға әкеп соқтырды. Ауламда тізеге дейін келетіндей су тұрды. Тіпті үйіме дейін ағып, бөлмелерді біршама бүлдіріп тастады. Жергілікті ауыл әкімдігі маған тартқыш помпасын ұсынды. Бір апта бойы еріген қар суын сыртқа тарттық, – дейді ауыл тұрғыны.
Қарияның осындай жағдайға қайтадан тап болмауы үшін жергілікті Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары Сергей Афанасьевке қол ұшын беріп, биылғы рейд барысында ауланы қардан тазалауға жең түре кірісіп кетті. Қолдарына күрек алып, игі іс жасаған төтеншеліктер, осылайша зейнеткердің алғысына бөленді.
– Ақпараттық рейд барысында ауылдағы 45 үйді араладық. Бұл жұмысқа Рудный қаласындағы өрт сөндіру қызметінің 12 маманы мен еріктілер жұмылдырылды. Үйлерді аралау барысында әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға да қолымыздан келгенше көмектесіп, аулаларды қардан тазартып бердік. Мысалы, зейнеткер Сергей Афанасьевтің үйі сай жерде орналасқандықтан, оның ауласындағы қар уақтылы шығарылмаса су басу қауіптілігі пайда болады. Бір сағат ішінде ауланың біраз жерлерін тазартып бердік, – дейді Ринат Елеуов.
Рейд барысында басқарма қызметкерлері бірқатар ереже бұзушылықтарды да анықтады. Яғни, кейбір аулалардан тазартылған қар ауыл сыртына шығарылмай, адам бойына дейін жететіндей болып көшелерге үйіліп тасталған. Осы жағдайға байланысты төтеншеліктер тарапынан жиналған қарды ауыл сыртына шығару туралы өтінішхат жасалып, атқарушы органға жіберілетін болды. Егер мұндай үйінділер уақтылы шығарылмайтын болса, ауылдағы аулалар еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін, - дейді мамандар.
Ерғали Убайдуллаев
Суретті түсірген автор