
Пандемияға байланысты 2 жылдық үзілістен кейін Рудныйда жаппай жеңілатлетикалық эстафета қайта жаңғырды. 15 мамыр күні қаланың орталық алаңында ұйымдастырылған спорттық шара Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күніне арналып, мектептерден, колледждер мен институттан жиналған 400-ден аса қатысушының басын біріктірді.
Қалалық жеңілатлетикалық эстафета дәстүрге сәйкес дене шынықтыру және спорт бөлімімен ұйымдастырылып тұрады. Жыл сайын өткізілетін ауқымды шара 2020 жылы пандемияға байланысты уақытша тоқтап қалған еді. Биыл жағдай жақсарған соң жаппай спорттық сайыс өткізудің райы туып, қалалық эстафета барлық оқу орындарының қатысушыларын жинады.
– Эстафета барысында алдымен мектеп оқушылары жарысқа түседі. Әрбір мектеп екі командадан шығарып, 5-8 сынып оқушылары және 9-11 сынып оқушылары болып топқа бөлінеді. Эстафета жалпы үш кезеңнен құралып, оның үшіншісінде колледждер мен Рудный индустриялық институт студенттері жүгіретін болады. Бұдан бөлек қалалық эстафетаға оқу орындарының педагогтары мен спорт бөлімінің мамандары да қатысып отыр, – дейді қалалық спорт бөлімінің бастығы Ирина Бурнаева.
Бөлім бастығы айтқандай, пандемиядан кейінгі мұндай ауқымды қалалық іс-шараға биыл 400-ден аса адам қатысуға ниет білдірген. Эстафетаның жалпы қашықтығы 2,5 шақырымды құрап, 300 метрлік жүгіру жолдары болып 13 нүктеге бөлінген.
– Бұл эстафета спорттың жеңіл атлетика сияқты түрін насихаттау және дамыту мақсатында өткізіліп отыр. Бүгінгі шараға кіші сыныптар мен жоғарғы сынып оқушыларының, студенттердің қатысып отырғаны, қаламыздағы жеңіл атлетиканың танымалдылығын білдіреді, – дейді эстафета жетекшісі Сергей Панов.
Жүгіру жарысын өткізу орын болып биыл Рудныйдың орталық көшелері таңдап алынған. Әкімдік алдындағы алаңнан басталған эстафета барысында қатысушылар Космонавттар көшесімен жүгіріп, 40 лет Октября көшесі арқылы Дзержинский, Горький көшелеріне түсіп, Ленин көшесінде мәре сызығын кесіп өтеді. Кіші сыныптардың сайысымен басталған жарыстың қорытындысы бойынша №3, №5 және №4 мектептер жүйрік атанды.
Кіші сыныптардан кейін қалалық эстафета жоғары сынып оқушылар арасында жалғасын тапты. Мәре сызығына бірінші болып жетуді көздеген қатысушылар, мұндай сайыс-тарды әбден сағынып қалғанын да жасырмады. 9-11 сынып оқушылары арасындағы эстафетада №10 мектеп командасы үздік шықты.
– Бұл эмоцияларға толы шара. Қаламызда мұндай спорттық сайыстар көптен бері өткізілмеген еді. Барлығымыз асыға күтіп, бүгін бар күшімізді салдық. Өзім көпсайыспен шұғылданамын және бұл сайысқа тыңғылықты дайындалдым, – дейді жеңімпаз команданың мүшесі Савелий Баратаев.
Екі сағатқа созылған эстафетаның үшінші кезеңін Рудныйдағы колледждер мен институт студенттері жалғастырды. 2,5 шақырымға жүгірген жігіттер мен қыздар арасында бұл жолы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледж командасы мәреге бірінші болып жетті. Эстафетадағы екінші орын политехникалық колледж студенттеріне бұйырса, үшінші орынға Рудный құрылыс және көлік колледжі табан тіреді. Барлық жүлдегерлерге ұйымдастырушылар атынан кубоктар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Ерғали Убайдуллаев
Суретті түсірген Елена Артемова