
«ССКӨБ» АҚ басқарма мен цех басшылары сәуір айында спорттың бірнеше түрінен спартакиада өткізіп, оның қорытындысы бойынша кешендер мен цех директорлары бірлестік басқармасы құрамасынан басым түсті. Енді міне, сол сайыстың жүлдесін кәсіпорын өкілдері қайырымдылыққа жұмсауды жөн көрді.
Жиналмалы, ыңғайлы және сапалы. Рудный қаласындағы мамандандырылған балалар үйіне қажетті бесік арбаларды таңдау барысында, «ССКӨБ» өкілдері сыйлықтың осындай сипаттамаларына әсіресе назар аударды. Жеңілдетілген материалдардан беріктендіріліп жасалған арбалар персоналдың тасымалдауына да ыңғайлы болып отыр.
– Өткен жылы аталған мекемеге қолдау көрсетіп, ғимаратты ішінара жиһазбен толтыруға көмектестік. Биыл бұл дәстүрді жалғастырып, спартакиада жеңімпаздары қабылдаған ортақ шешім бойынша, мамандандырылған балалар үйіне бесік арбалардың 4 данасын сатып әпердік. Бұл сыйлықты спартакиада нәтижесі бойынша екінші орынды иеленген басқарма басшылары командасы сыйлап отыр, – деді «ССКӨБ» АҚ әлеуметтік мәселелер жөніндегі менеджері Александр Макаренко.
Бүгінгі таңда мамандандырылған балалар үйінде 11 бүлдіршін тұрақты орналастырылған. Олар туғанынан бастап 4 жасқа дейінгі орталық жүйке жүйесі бұзылған және ата-анасының қамқорлығысыз қалған балалар. Бұдан бөлек, бұл жерде күндізгі қабылдау бөлмесі де жұмыс істеп, оған жоғарыда айтылған дерті бар 9 бала келіп тұрады. Мекеменің бас дәрігері міндетін атқаратын Нұртас Елубаевтың айтуынша, бұл жердегі балаларға кешенді көмек көрсетіліп, білікті мамандар оңалту жұмысын жүргізеді.
– Біздің балалар үйіндегі жұмыс барлық бағытта атқарылады. Мекемеде 2 педиатр, невропатолог дәрігері, психолог, логопед сияқты мамандар жұмыс істеп, балаларға қажетті көмек көрсетіледі. «ССКӨБ» АҚ үнемі көмектесіп тұрады. Сатып алынған бесік арбалар бізге өте қажет болған еді. Себебі балалар үйіндегі бүлдіршіндер саны артып, жазда оларды көбіне аулада, таза ауада ойнатамыз, – деді мекеменің бас дәрігері.
«ССКӨБ» өкілдері айтқандай кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта Рудныйдағы балалар үйіне басқа да қажетті заттарды алып беруді жоспарлап отыр. Ендігі кезекте мұндай қайырымды іс спартакиада жеңімпаздары – цехтар мен кешендердің директорларымен жасалатын болады.
Ерғали Убайдуллаев
Суретті түсірген автор