Регистрация Войти
Вход на сайт
Реклама
Реклама
  Реклама   Реклама  Реклама 
» «Қарасора-2020»

«Қарасора-2020»

09.11.20
Автор: magnetit
Просмотров: 299
Комментариев: 0

Қазақстан Республикасының аумағында 1 маусым және 31 қазан аралығында полиция қызметкерлерімен жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп, оның нәтижесінде біраз ірі қылмыстардың беті ашылды. Шараның негізгі мақсаты есірткі қылмыстарының алдын алу, оларды анықтау және жолын кесу. Мәселен Рудный қаласы бойынша бұл кезеңде есірткіге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлерімен бірнеше ірі қылмыстар әшкереленіп, есірті және психотроптық заттардың ірі көлемі табылған. 


 Жыл басынан бері құқық қорғау органдарының қызметкерлері Қостанай облысы бойынша заңсыз айналымнан 470 келіден аса есірткі заттарын тәркілеп алған. Оның шамамен 430 келісі «Қарасора-2020» ауқымды республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Рудный қаласының аумағынан тәркіленген. Оның басым бөлігі шілде айында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында анықталып, күдікті ретінде қаланың 50 жастағы тұрғыны ұсталған.
– Жүргізілген жедел-іздестіру шарасы барысында ұзақ уақыт бойы есірткі заттарын өткізумен шұғылданып келген Рудный қаласының тұрғыны анықталды. Белгілі болғандай бұл азамат есірткі заттарын, яғни кептірілген марихуананы жеткізу және тасымалдауды ұйымдастырып, облыс аумағында өткізуді жоспарлапты. Біздің бөлім қызметкерлері бұл азаматты жергілікті автогараждар қоғамының бірінде құрықтады. Тінту барысында күдіктінің гаражынан 418 келі кептірілген марихуана есірткісі табылып, 14,5 келі гашиш есірткісі тәркіленіп алынды. Қазақстан заңнамасына сәйкес есірткінің мұндай салмағы аса ауыр қылмыстар санатына жатады, – дейді қалалық полиция басқармасының есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөлімінің басығы Жантас Көшербаев.
Құқық қорғаушылардың айтуынша қазіргі уақытта ұсталған азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 297 бабы 3-ші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер де ер азаматтың кінәсі толық дәлелденетін болса, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айтып өтейік мұндай ауыр жаза Рудный қаласының тағы да бір тұрғынын күтіп тұр. Бұл азамат интернет дүкендері арқылы психотропты заттарды таратқаны үшін ұсталған.
– «Қарасора-2020» шарасын өткізу кезеңінде синтетикалық есірткі заттарын интернет желісі арқылы сатумен шұғылданған Рудный қаласының 30 жастағы тұрғыны ұсталды. Бұл азамат интернет дүкен ашып, оны жер-жерлерде жарнамалап, қала аумағында есірткі заттарын белгілі бір жерге жасырып қою жолымен кәсібін дөңгелеткен. Күдіктіні ұстау барысында одан есірткі заттарының 100-ге жуық орамы тәркіленіп алынды, – дейді Жантас Мирасұлы.
Бес айға созылған іс-шара барысында жергілікті құқық қорғаушылар есірткі заттарының заңсыз айналымы, оның ішінде психотроптық заттарды өткізумен байланысқан 14 қылмыстың бетін ашқан. Олардың бесеуі ауыр және аса ауыр қылмыстардың санатына жатқызылып отыр. Бүгінгі күні есірткі заттарының интернет ресурстары арқылы таратылуы полиция қызметкерлерің жұмысын қиындатып отыр. Өйткені психотроптық заттар ақшаны бір шоттан екінші шотқа онлайн аударғаннан кейін сатып алушыға алдын ала жасырынған жерден беріледі екен. Сонымен қатар тастанды ғимараттар мен үйлердің қабырғаларына жазып қалдырылған «граффитти» жазбалары да мұндай сатушылардың саудасын қызу жүргізетіні белгілі. Сол себептен полиция қызметкерлері қаланың белсенді тұрғындарымен бірлесіп, осындай заңсыз жарнаманы жою бойынша акцияларды жиі ұйымдастырып тұратынын айтады. Бұдан бөлек құқық қорғаушылар психолог, нарколог және басқа да мамандардың қатысуымен жастардың, сол сияқты халықтың осал топтарына жататын азаматтардың арасында арнайы түсіндіру дәрістерін өткізіп, қылмыс санын азайтуға біршама үлес қосып келеді. Осындай шаралардың арқасында есірткі қылмыстарының саны өткен жылмен салыстырғанда біршама азайған.


Ерғали Убайдуллаев
Суретті түсірген
Жарасқан Бекназарұлы

Категория: ---
Теги:


Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Комментарии (0)
Оставить комментарий
Введите код
с картинки:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив