Регистрация Войти
Вход на сайт
Реклама
Реклама
  Реклама   Реклама  Реклама 
» Сақтықта қорлық жоқ

Сақтықта қорлық жоқ

09.11.20
Автор: magnetit
Просмотров: 323
Комментариев: 0

Төтенше жағдайлар басқармасы қала тұрғындарына мұзда жүру ережелерін ескертіп жүр. Әсіресе, күн салқындап, судың беті қатқанда бұл өткір мәселеге айналады. Көп өтпей адамдар мұз үстінде сырғанақ тебуге немесе балық аулауға шығуы мүмкін. Олардың баршасын алған бетінен қайтару мүмкін бола бермейді. Соны ескере отырып, құтқарушылар тым болмаса төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ескертулер жүргізуді бастады. Шараның аты «Жұқа мұздан абай бол» деп аталады. Оған еріктілер де атсалысуда. 


 Тобыл бойын жағалай жүру соңғы уақытта қаламыздағы құтқарушылары мен еріктілерінің күнделікті жұмысына айнала бастады. Осылайша суға қаймақтай қатқан мұзды бақылап қана қоймай, тұрғындарға қауіп-қатер жайлы хабар таратуды қолға алған қалалық төтенше жағдайлар басқармасы ауқымды жұмыстарды атқарып та үлгерді.
– Қаламыздағы су қоймаларында адам өлімін болдырмау және алдын алу мақсатында төтенше жағдай қызметкерлері осы бағыттағы жоспарлы шараларды бастап жіберді. Науқанды «Жұқа мұздан абай бол» деп атадық. Күз соңында біздің өңірдегі өзендердің беті қата бастайтыны белгілі. Дегенмен, алғаш қатқан мұз кейінгілеріне қарағанда қауіптірек болады. Республика бойынша жыл сайын 500-ге жуық адам суға батып, көз жұмады. Оның басым көпшілігі жұқа мұздың құрбаны, – дейді Қалалық ТЖБ инженері Ренат Елеуов.
Мамандардың айтуынша, судағы апаттар мен төтенше жағдайлар көбінесе қауіпсіздік ережелерін ескермеу салдарынан келіп шығады. Адамдар мұз үстіне шыққан кезде ең алдымен оның қалыңдығы мен тығыздығын бағалауы керек. Сонымен қатар, өзін-өзі құтқару үшін қарапайым құралдарды өзімен бірге алып жүруі қажет.
СХР Ренат Елеуов: – Мұздың қалыңдығы мен тығыздығын көзбен бағалауға болады, – дейді Ренат Елеуов. – «Көк мұз» қалың әрі қатты болады, ал «ақ мұз» одан екі есе әлсіз. Егер мұз сары реңкте, сұр немесе күңгірт ақшыл болса сенімсіз болғаны, яғни қауіпті. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы қала тұрғындарын су қоймаларында сақтық шараларын сақтауға шақырады. Қарапайым ережелерді ескерген жөн. Жаныңызда ең кем дегенде 15-20 метрлік құтқару арқаны болуы тиіс. Мұзға жалғыз шықпаңыздар. Арқанмен қоса 2-3 метрлік таяқша да болуы керек. Егер мұз жарылса, бөлшектенген мұзға секірмеу керек. Себебі, сіз секірген мұз салмағыңызды көтере алмай теріс аударылуы мүмкін.
Бүгінгі күнде Тобыл бетіне әлі мұз қатқан жоқ, дегенмен кейбір жерлері қаймақтап бастаған. Бұл мұзда балық аулауды қалаушыларға қазірге еш мүмкіндік бермейді. Дегенмен, «әуелі мұз қатсын, алдын алу шарасын сосын бастаймыз» деп қол қусырып отырмай, төтеншеліктер қазірдің өзінде өзенге жақын жерлерде ескерту белгілерін орнатуда. Сондай-ақ аса қауіпті аймақтарды лентамен қоршауда.
Биылғы жылы әдеттегі шаралардан басқа балық аулау құралдарын сататын мамандандырылған дүкендерде де рейд жүргізіледі. Онда құтқарушылар мұзда балық аулауға әуесқойлар арасында тәуекелділікті болдырмау үшін сақтық шаралары мен ережелер жиынтығы жазылған парақшаларды тарататын болады.


Жарасқан БЕКНАЗАРҰЛЫ
Суретті түсірген автор

Категория: ---
Теги:


Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Комментарии (0)
Оставить комментарий
Введите код
с картинки:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив