Регистрация Войти
Вход на сайт
Реклама
Реклама
  Реклама   Реклама  Реклама 
Последние новости
19-04-2021, 16:38
120
0
19-04-2021, 16:36
159
0
» Өмір-тағдыр құдіреті

Өмір-тағдыр құдіреті

14.12.20
Автор: magnetit
Просмотров: 821
Комментариев: 0

Қазақтың қаһарман ұлы, атақты Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал,қария,ақсақал,абыз деп төртке бөліп «Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай,үй аралап,өсек айтатындарды – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізетіндерін – қария, тұтас бір ауылдың жоқ, жітігін түгендеп,жыртығын бүтіндеп,азаматын атқа мінгізіп,айбынын асырып отыратын қарттарды ақсақал деп,ал бүкіл елдің сөзін сөйлеп,намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап,тұла бойына ұлттық рух,ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты – Абыз» деп атаған екен. Міне, біздің осы айтылған баспалдақтардан сүрінбей өтіп, қарттықтың ең биік шыңына шаршамай шыққан абызымыз – Дүйсенбаев Қасымқайыр Қазыбайұлы! 


 Қасекең Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы «Асубұлақ» кентінде 1930 жылдың 13 желтоқсанында дүниеге келген. Ес біліп, етек жиғаннан бергі өмірі күрес додасында, еңбек алаңында өтіп келеді. Тыл мен еңбек майданының ардагері, «Қазақ ССР на еңбегі сіңген кенші», Соколов-Сарыбай тау- кен байыту комбинатында табан аудармастан 40 жыл жұмыс істеген еңбек ардагері. Кеңес одағы кезінде Ленин, Құрмет белгісі ордендері мен көптеген медальдарға ие болды. КСРО Қара металлургия министрінің Құрмет грамотасының иегері атануы да өзінің қажыр, қайратымен еліне деген адал еңбегінің арқасы. Еліне сіңірген ерекше еңбегі үшін Республика деңгейіндегі дербес зейнеткер. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығына орай ҚР Құрмет грамотасын иеленіп, Қостанай облысының, Рудный қаласы әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталды. Рудный қаласының құрметті азаматы. Қалалық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің президиум мүшесі. Елбасының «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылатын түрлі іс-шараларға белсене қатысып, тіл,діл,ұлттық сананы сақтауға жанын салып жүрген ақын, абыройлы ақсақал, ардақты ардагер – кенші 90 жастың тұғырына қонды! Тоқсанға толу-талай адамның арманы десек, оған жеткендер саусақпен санарлықтай аз. Адам баласы дүниеге келгенде тағдыры маңдайына жазылып туады дейді. Сол тағдырдың талай тепрешін көрген, қиындықтарды жеңіп, өзінің азаматтық тұлғасын қалыптастырған, жаны ақын, көңілі көл дария, сезімі сергек, қарапайым қалпымен қазақтың мұң-мұқтажын жоқтап жүрген Қасымқайыр Қазыбайұлы Рудный қаласының ғана емес,еліміздің елеулі азаматы. Ол кісінің өткен өмірі, бүгінгі жеткен жетістігі, болашаққа деген адами үміті-біздер үшін үлкен үлгі, өрелі өнеге. «Адамның өсіп-даму табиғатын байқасаң, күрделі үш кезеңге: жастық шақ, еңбек жолдары және қариялық кезеңдерге бөлуге болады. Жастық шаққа не жетсін, албырт көңіл, жалындаған жігер, алып ұшқан арман, қайтпаған бет, сондай-ақ, алғашқы махаббат сезімдеріне толы бір ғажап кезең ғой. Еңбек майданы, бойыңа жиған күш-жігеріңді, әркімнің өзіне тән тектілікті, адами қасиеттерге толы парасаттылықты, оқыған білім мен ілімді адал еңбек жолына сарқа жұмсай білу. Сонда ғана еңбегің елге, табысың мен абыройың өзіңді арманыңа жетелейтін дүние. Ал қариялық деген – өмір тағдырыңның қорытындысы ғой» дейді Қасекең өз сөзінде.
Аға ұрпақтың тағдыры өте күрделі, қилы-қилы заман ағымдарына тура келді,отызыншы жылдың аштық, қуғын – сүргіні, қырқыншы жылдардағы Ұлы Отан соғысы,тылдағы еңбек ерте есейтті. Бұл туралы Қасымқайыр Қазыбайұлы өзінің 2009 жылы шыққан «Жырларым менің» және «Өмір-тағдыр құдіреті...» атты естелік жинағында жыраулардай толғанып, өткен өмірін терең талдап, жеткен жетістіктерді саралап жазып шыққан болатын. Онда: «Балалық деген мүлде болмаған дүние, болғаны: колхоздандыру, аштық жылдары; қуғын-сүргін тауқыметі; екінші дүниежүзілік соғыс; оның зардаптарын жою (қалпына келтіру) жолындағы қыруар еңбек майданын айтамын да, сөйтіп осыларды да бастан өткіздік және жеңе де білдік емес пе?! Жығылып тұрып алға ұмтылдық, білім іздеп оқу оқыдық, мамандық алып жұмысты жаңа деңгейде қайта бастадық. Міне, айтайын дегенім, біз кімбіз, қайдан келдік, өз ортамызды қалай құрдық, қалай үй болдық дегендей. Ол былай болған еді, 1955-1959 жылдар аралығында еліміздің түпкір-түпкірінен Қостанай өлкесінде құрылысы жаңа басталып жатқан Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатына арнайы жолдамамен көптеген жастар қауымы келіп, танысып білісіп, талаптанып, тырысып өз ортамызды құрдық. Әрине, мұның бәрі ертегідей бола қалған дүние емес, оның жолында төзімділік пенен шыдамдылық, намыс пен жігер ұштаспаса, жаңа құрылыстың алуан түрлі қиындықтарына түсіне де, әрі келешегіне сеніммен қарамаса, қар жауғанша айдалада «Палаткада» тұрып, айтса сенбестей өжеттілік көрсетпесе, қала да, мұндай өндіріс орталығы да ашылмаған болар еді. Бүгінде немере сүйіп, ата-әже атанып, тіпті шөбере сүйген үлкен азаматтар – өмір шындығының нағыз куәгерлері, әрі соның бәрін жеңе білген ерлері дер едім. Біз де жас болғанбыз дегендей, махаббатқа толы жастық шақта, 8-сыныптан бастап бірге оқыған асыл жарым Көкебай тегі Қабдрахманқызы Дина. Кешегі жұдырықтай қара қыз, кезіндегі 35 жыл өтілі бар комбинат ардагері, үш бала өсіріп,тәрбиелеген ардақты ана, бүгінде немере, шөбере сүйіп отырған үлкен Әже. Байқап отырсам, содан бері жарты ғасырдан ұзақ жол кешіппіз. Бұл дегеніміз 100 мың халқы бар кеншілердің қаласы салынып, «Соколов», «Сарыбай», «Қашар», «Қоржынкөл» темір кен кеніштерін игеріп, 1,1 миллиард тоннадан артық темір кенін қазып шығарып, ел игілігіне жараттық емес пе! Осы қыруар табыстың жолында 35-40 жылдай жемісті еңбек еттік. Бұл біздің еңбек жолындағы мақтанышымыз да, ел мен ұрпақтар алдындағы борышымыз деп білеміз. О, жаратқан! Бергеніңе мың шүкір, тәубә дейміз! Өткенге өкінбейміз, біздің ортамыз еңбекпен шыңдалған, тұрмысқа көнбіс, тағдыры еркелетпеген азаматтар қауымы, кешегі Н.Хрущевтың «Коммунизімінде» жарымаған, еңбек табысыменен байымаған, әлі де кедейліктен арылмаған, соның өзінде де қиындықтан қажымаған, намысқа толы – нағыз патриоттар болды. Бұл біздің өмір дерек – шындығымыз. Бүгіндері, бізден бақытты да, бай да жан жоқ дер едім, ол Ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған – егемендігі мен тәуелсіздігі еді. Сол бір арманды, біздің ұрпақ өз көзімен көріп, қолымен ұстады емес пе?! Мұндай бай, әрі байтақ жері бар, еркін Елі бар халық байымағанда, кім байиды?! Жерінің асты алуан түрлі кен байлығы, ал үсті миллиондармен өлшенетін төрт түлік мал мен жайқалған астық алқабы. Қорытындылай келгенде, осылай өмірге келіп, өсіп-дамып, ұрпақтарымыз оны қайталап, жалғастыра беретін «Өмір-тағдыр құдіреті» деген осы шығар деп ойлаймын, – деп жазған болатын. Әрине, шағын мақалада тоқсан жылдық тарихты толық қамту мүмкін емес. Ең бастысы – абыз-ақсақалымыз алла берген амандықтың арқасында тұғырлы тоқсан жастың төріне шықты. Отбасындағы бақыт пен береке, шаңырақтағы шуақты күндер көп болсын. Денсаулық пен күш қуаттың арқасында тарихи, бір ғасыр – 100 жастағы мерейтойда кездесуге жазсын!


Арман Сәбитбекұлы,
ҚР Ақпарат саласының үздігі
Суретті түсірген
Жарасхан нұрыбай

Категория: ---
Теги:


Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Комментарии (0)
Оставить комментарий
Введите код
с картинки:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив