Регистрация Войти
Вход на сайт
Реклама
Реклама
  Реклама   Реклама  Реклама 
Последние новости
19-04-2021, 16:38
120
0
19-04-2021, 16:36
159
0
» Еңбегімен елге сыйлы

Еңбегімен елге сыйлы

21.12.20
Автор: magnetit
Просмотров: 1 316
Комментариев: 0

Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінде көп жыл қызмет атқарған қария Сейдахмет Исмағұлов биыл 85 жасқа толды. Қойнауы кенге толы Рудныйды мекен еткен Сейдахмет Нұрханұлы жеті қат жер астынан темір кенін өндіруге елеулі үлес қосқан. Өмірдің қиын-қыстау жолын басып өткен қария бүгінгі таңда тыл және еңбек ардагері, ССКӨБ-тің құрметті кеншісі ретінде алғысқа бөленіп отыр. Маңдайының терін тамызған адал еңбегінің арқасында көптеген медаль, орден, төсбелгілердің иесі атанды.


 Тобылдың арғы бетіндегі Литвиновка деген жерде 1935 жылдың 15 желтоқсанында дүниеге келген Сейдахмет Исмағұлов 1 жасқа толғанда анасы дүние салып, әкесі Нұрхан, оның інісі Құсайын және ағасы Ысқақ деген кісілердің қолында өскен.
– Үйде үш еркек. Солар мені тымаққа салып өсірген. Сөйтіп жүріп 1941 жылы соғыс басталды. Әкем інісі екеуі әскерге кетті, содан оралған жоқ. Әлгі әкемнің ағасын «ата» дейтінмін, ол да көп ұзамай қайтыс болды. Мен жетім қалдым. Нағашыдан да, жақыннан да мүлдем туыс болған жоқ. 8 жасымнан колхозда жұмыс істедім, өгіз бақтым, соқа айдадым. Сөйтіп жүріп 1945 жылы соғыс біткенде атқа мініп, ауыл аралап «соғыс бітті» деп сүйінші сұрағанмын, – дейді тыл ардагері.
Соғыс біткеннен соң ешкімі жоқ тұл жетім ретінде интернатқа қабылданып, 10 жылдық оқуды бітірген Сейдахмет Нұрханұлы, 1954 жылы «Соколов-Сарыбай» комбинатына келген. Жұмысқа жаңа орналасқан жас жігітті сол жылдың қараша айында әскерге аттандырған. 1956 жылы венгр халық революциясы басталғаннан кейін совет әскерлері Будапештке кіріп, наразылық акциясын күшпен басқан. Сейдахмет атамыз сол оқиғаға да қатысқан. 1957 жылы әскерден кейін Рудныйға келген.
– Бірлестікте 1958 жылы жұмыс бастап, 1990 жылы зейнетке кеттім. Экскаваторда көмекші болдым, экскаватор жүргіздім, сосын шебер атандым, сырттай жүріп кешкі оқуды да оқып алдым. Қаламыздағы шеберлер мектебін бітірген соң, институтқа аттандым. Мансабым асып, механик қызметін де атқардым. Еңбек жолындағы соңғы жылдарда 12 жыл фабрика кешенінде кәсіподақты басқарып, 1993 жылы зейнетке шықтым, – дейді ардагер.
Адам бойынан табылуы керек болған жақсы әдеттер мен Отансүйгіштік қасиетті үнемі өсиет етіп отыратын ардагердің айтар тілегі көп:
– Жастарға айтатыным, ерінбей еңбек ету керек. Бала кезімде ұстазым маған: «Көшедегі асфальтті тоздыру қажет емес, асфальт өзі тозады» дейтін. Сол секілді уақытты құр өткізбей, оқу оқып, білім алыңдар. Ата-ананы сыйлаңдар. Алла біз көрген қиыншылықты ешкімге көрсетпесін. Тек біз емес, жер жүзі дүркіреген соғыстағы жеңіс, мынау алған егемендік – бұлардың барлығы бабалардың қаны, аналардың көз жасымен келді. Енді соның рақатынан дәм татып, жақсы өмір сүру бүгінгі ұрпақтың міндеті!
Сұрапыл соғыста асқар тауларынан айрылған, жетімдіктің азабын көрген Сейдахмет Нұрханұлы тағдырдың тәлкегіне берілмей, алға ұмтылып, өсіп-өніп, қала құрушы кәсіпорында несібесін теріп, жанұя құрды. Рашида Исмағұлова анамызбен бірге 3 ұл, 5 немере сүйді. Еңбегімен елге сыйлы, абыройлы ақсақалды 85 жас мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық пен бақ-береке, ұзақ ғұмыр тілейміз.


Жарасқан НҰРЫБАЕВ
Сурет жеке мұрағаттан алынған

Категория: ---
Теги:


Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Комментарии (0)
Оставить комментарий
Введите код
с картинки:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив