Регистрация Войти
Вход на сайт
Реклама
Реклама
  Реклама   Реклама  Реклама 
Последние новости
11-05-2021, 15:51
311
0
11-05-2021, 15:47
296
0
11-05-2021, 15:46
319
0
» Асқақ арман алысқа жетелейді

Асқақ арман алысқа жетелейді

15.02.21
Автор: magnetit
Просмотров: 622
Комментариев: 0

Машинист болуды армандамаған көмекші – өз жұмысына жанашырлық танытпайды деп санайтын Андрей Колесников бірлестік көлеміндегі ең тәжірибелі мамандарының бірі. 7 жыл машинист көмекшісі болғаннан кейін өзі армандаған машинистікке де қол жеткізген кейіпкеріміз бүгінгі таңда «ССКӨБ» АҚ тау-кен теміржолдары көлігі цехының сыртқы көлік басқармасындағы 15 локомотивтің бірін басқарып отыр. Андрей Иванович бірнеше жылдық тәжірибенің арқасында білікті маман атанып қана қоймай, талай шәкіртке ұстаз да бола білді.


 Локомотив машинисі Андрей Колесниковтың әулетінде бұл мамандық жақсы таныс. Ол теміржолшылар отбасында өсті. Рельс, шпал, тепловоз деген ұғымдар ол үшін балалық шақтан бері санаға сіңіп келе жатыр. Сондықтан да бойдағы қасиет ата-анасы таңдаған жолды жалғастыруға итермелепті.
– Әкем осында аға вагоншы, анам бағыттаушы оператор болып жұмыс істеген. Ата-анам өмір бойы теміржол саласында жұмыс істеген соң мен де осы бағытты таңдадым. Бала кезімде әкем осында алып келіп, тепловоздармен таныстыратын еді. 3 жасымнан бері әкеммен бірге тепловоз кабинасына мініп, машинистің жұмысын тамашалағанмын. Кабина ішіндегі аспаптардың түрлілігі менде көп қызығушылық тудыратын. Өсе келе мамандық таңдағанда мен де әке жолын қудым, – дейді Андрей Колесников.
Андрей Колесников техникалық училищеде оқыған, ол қазір Рудный тау-кен технологиялық колледжі деп аталады. ССКӨБ-те локомотив машинисінің көмекшісі ретінде 9 ай өндірістік практикада болған. Әскерден кейін 1981-ші жылдары Андрей осы жолды әрі қарай жалғастырды және қырық жыл бойы бір цехта және бір ауысымда жұмыс істеп келеді. Еңбек жолының соңғы 30 жылында машинист болған.
– Үлкен шеңбер деп аталатын бізге тиесілі теміржолдары тек жер бетінде. Яғни, біз карьерге бармаймыз. Дайын кенді цехтардан жүктеп алып, «Железорудный» бекетіне апарамыз, бос вагондарды қайта тиеп, цехтарға жеткізіп береміз. Біздің үлкен шеңбер жолымыз осы, – дейді тәжірибелі машинист.
– Мен бір жыл бұрын ғана Андрей Колесниковтың жанына машинист көмекшісі болып жұмысқа келдім, – дейді Кирилл Чикунов. – Біздің жұмысымыздың жақсы жүруі машиниске байланысты. Андрей Колесников үнемі бағыт-бағдар беріп, барлығын үйретіп отырады. Техникалық білім алып келгеніңде санаңда тек кітаптан оқыған білімің болса, тәжірибенің орны бөлек. Тепловоздың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуді осы тәлімгерім үйретті. Осындай тәжірибеден кейін машинст болуға да дайынмын деп айта аламын.
Төрт онжылдық ішінде Андрей Колесников үш тепловозды басқарды. Қазіргі ТЭМ-18ДМ-3194 тепловозы теміржол көлігінің жаңа буын өкілі болып табылады. Бұл тепловоздағы көп құрылғылар компьютер арқылы жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда автоматты түрде атқарылатын жұмыстарды машинист пен оның көмекшісі үнемі бақылап отырады. Тепловоз жұмысында бірер қателік болса лезде экранға шығады. Мамандар соған қарай шара көреді.
Алайда, тепловоздың борттық компьютерлерінен бөлек машинист және оның көмекшісі үнемі қырағылық танытып отыруы керек. Себебі, олардың міндетіне қозғалыс қауіпсіздігін, жүктің қауіпсіздігін және үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету кіреді. Андрей Колесниковтың сіңірген еңбегі кәсіпорын деңгейінде бірнеше рет бағалаған және марапаттарға ие болған. Оның фотосуреті қаламыздың орталық алаңындағы бірлестік басқармасының ғимараты жанындағы құрмет тақтасында ілулі тұр.


Жарасқан НҰРЫБАЕВ
Суретті түсірген автор

Категория: ---
Теги:


Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Комментарии (0)
Оставить комментарий
Введите код
с картинки:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив