Регистрация Войти
Вход на сайт
Реклама
Реклама
  Реклама   Реклама  Реклама 
Последние новости
7-06-2021, 16:21
932
0
» Майдангер атам

Майдангер атам

11.05.21
Автор: magnetit
Просмотров: 593
Комментариев: 0

Оразұлы ӘБСАТҚАР – әкем Пайызұлламен бірге туған ағасы. Біздің әулет ол кісіні «тәте» деп атайтын. Әбсатқар атамның әкесі Терекұлы Оразалы - ағайын арасында сөзі өтімді би болған, ескіден білгені көп, заманына сай білімді болған кісі, Ораз атам - Тауелібай жұртына белгілі Момын әулиенің баласы, қожа Әбілтай ишанның туған жиені. Міне, осындай текті аталардың ұрпағы Әбсатқар атам да бойына біткен асыл қасиетімен ел қорғауда ерен ерліктер жасап, ер атанды. Туып өскен жері Тауелібай жерінің бұрынғы Тамды, кейінгі Үшқұдық ауданы Құлқұдық ауылы.


 Нағашы атасы кіші жүз, орта жүз руларына танымал – Жұматай палуан. 
Тауелібай жерінде Тамды ауданынан 500 бала бір күнде соғысқа аттанғанын жұрт жақсы біледі, атамыз да осы жігіттермен соғысқа аттанған. Соғысқа бір үйден туған ағасы Әбдіхалықтың ұлы Әбдіқұл атамыз екеуі аттаныпты. Әбдіқұл атамыз хабар-ошарсыз кеткен.
Соғыс туралы, соғыста көрген қиыншылықтарын көп айта бермейтін. Соғыс туралы киноны көріп: - Әй, соғыста мұндай жайбарақатшылық қайда, аспан айналып, жерге түскендей, айналаң тегіс жарылыс, шаң-тозаң, бірін-бірі көру деген өте қиын еді, -деп әңгіме етуші еді.
Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Ұлы Отан Соғысы 1-ші, 2-ші дәрежелі ордендерімен және көптеген медальдермен марапатталған. Бір аяғынан айырлып, денесі мен қолдарынан түрлі жарақат алған. Елге оралған соң, 40 жылдай мектепте мұғалім болып, шәкірттеріне білім беріп, тәлім-тәрбие берді. Алтын алқалы әжеміз Ұлманмен бірге 11 бала тәрбиелеп, өсірді. 
Соғыста болған оқиғаларды аса көп айта бермейтін, бірақ, біз сұрап қоймаған кезде аздап еске алып айтып беретін. «Соғысқа 1942 жылы аттандық, түрлі дайындықтан өтіп, 1943 жылы Курскі түбінде соғысқа араластық, майдан қолбасшысы маршал Рокоссовский еді. Менің дені бітімім ірі болғандықтан, пулеметші етіп алды, сегіз ай соғысып, жауға «Максим» пулеметінен оқ жаудырдым, аяғымның ақысын фашистерге жібергенім жоқ» - деуші еді. 
Бір күні үйде отырып, өзінен-өзі қамығып, көзіне жас ала айтып берген әңгімесі әлі есімде:
Үлкен өзеннен өту үшін жан беріп, жан алып, қиян кескі арпалыс болып жатыр, немістер де өзен жағасындағы шептерін бермеу үшін жан аямай соғысуда. Көпшілігі біздің елден, Тауелібай жерінен келген жігіттерден құралған біздің бөлім ерекше ерлік көрсетіп, өзеннен салмен, қайықпен өтіп, жау шебін басып алдық. Айырылған шебін қайтарып алу үшін немістер бар күшін біздің бөлімге салды, басқа бөлімдер өзеннен өте алмай қалған. Аспаннан бомбалап, зеңбіректерден атқылап, күшімізді әлсіретті, сөйтіп, бізден саны әлденеше көп жау солдаттары шабуылға шықты. Жауға төтеп бере алмасымызды сезген командир шегінуге бұйрық берді. Ешқайсымыз жауға берілмейміз, шегіне жүріп, қасық қанымыз қалғанша шайқасамыз, деп бұйырған командир сөзін басшылыққа алған солдаттар аянбай шайқасып, шегіне бердік, өзенге жақындағанда бүкіл солдаттар жау қолына түспейміз деп, суға қойып кетіп жатты, мен де көппен бірге жүзуді білмесемде өзімді өзенге тастадым. Біздің елден келген жігіттердің түгелі суға жүзуді білмейтін, мына көрші ауылдың жігіттері жүзу білмегендіктен, сол суға ағып кетті... Жау қолына түсуді ар санаған батыл да намысқой жігіттер еді! Қайран азаматтар, сөйтіп, шейіт болды біраз жігіттер, - деп, үнсіз мұңая, майдандас достарын бір сәт еске алып, толқып алды. - Алланың маған бұйыртқан өмірі бар екен, мені екі орыс жігіті кезектесіп демеп, қарсы жағаға алып шықты, сөйтіп, мен аман қалдым. Тамды жағынан, Жданов колхозынан барған біраз жігіт солай суға кетіп, қаза тапты,- деп, атам майдандас достарын көздеріне жас үйіріліп, мұңая еске алған еді.
Бір айта кететін әңгіме, атам Жеңістің 50-жылдығын көріп, 1995 жылы мамырдың соңында қайтыс болды. Енді жерлеуге алып шығып, митингі өтіп жатқанда ауыл почтасы қызметкері сонау Ресей жерінен сол елді азат етуге қатысқан село пионерлерінен кешігіп келген Жеңістің 50-жылдығымен құттықтаған хатын әкелді. Атамды жерлеуге арналған митингте ел алдында хатты ауыл басшыларының бірі Қаламбек Абдіжанұлы оқып берді. 
Атамыз соғыс ардагері Әбсатқар Оразұлының бейнесі – ел басына күн туғанда Отан қорғау жолында қолына қару алып, аянбай соғысқан, бейбіт күнде өзінің биік ақыл-парасатымен, ақ көңіл, адал ниетімен, атқарған адал еңбегімен, бізге үйреткен тәлім-тәрбиесімен, өнегелі ісімен елдің де, біздің де жадымызда мәңгі сақталады.


Завера Оразова, 
қала тұрғыны 
Сурет жеке мұрағаттан алынды

Категория: ---
Теги:


Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Комментарии (0)
Оставить комментарий
Введите код
с картинки:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив